Источник: nur.kz

Дәл қазір шетелде демалып жүрген әнші Мәдина Садуақасова Астанадағы бес баланың қайғылы оқиғасын естіп, өзге отандастары секілді қабырғасы қайысқан. Осы орайда танымал жұлдыз балалық шақта пеш жағып, бауырларына қамқоршы болған кезін еске алды деп жазады NUR.KZ

Әнші естеліктерін Instagram парақшасында жариялаған.

"Елдегі соңғы қайғылы оқиғаларды естіп, интернеттен көріп жүрегіміз қан жылады… Есімізге өз өміріміз түсті", — деген әнші өз басынан өткен күндерді еске алды.

Айтуынша, үй мәселесіне қатысты проблема бала күнінде өз отбасында да туындаған. Әкесі өзі жұмыс істейтін мекемеден үй сұрамағаны үшін, анасы бір күні төрт баласын алып, Нарынқолдағы төркініне кетіп қалады.

Ал кейін әкесі жұмыс істейтін мекеме басшылығы көпбалалы отбасының жағдайын түсініп, үй бергенде, Қызылордадағы екі бөлмелі пәтерге көшіп келген.

"Үш айдың ішінде әкеме Шанхайдағы екіқабатты тұрғын үйден екі бөлмелі пәтер беріліп, біз Нарынқолдан Қызылордаға қайтып келдік. Бірақ ол үйлерде су да, жылу да жоқ еді. Таңнан флягпен су тасисың және пәтердің ішінде қыста тоңбау үшін әкем "ақұдай пеш" жасап қойған. Үйдің үлкені мен, сол пешті жағатынмын, (дәптер, құрғақ отын, көмір) салып қыздыратынмын", — деп еске алды әнші.

Өнер иесінің сөзінше, әкесі іссапарда, анасы жұмыста болғанда олар үйді жылытып, шай қайнатып отырады екен. Өзі ер адамның жұмысын атқарса, сіңлісі кіші екі бауырына қамқоршы болған.

"Әкем ұйықтамаңдар, ұйқы өліммен тең", — дегенді көп айтатын. Шынымен де, ұйықтамай екі баланы аңдитынбыз. Ыстыққа түсіп қалмасын, пешке жақындамасын, шәйнекті үстіне аударып алмасын деп. Әке-шешеміз келгенше, бәрі дайын болып тұру керек. Бірдеңе дұрыс болмай қалса, таяқ жейтінбіз анамыздан. Солай өстік, жаман болмадық. "Өз еңбегімен тапқан, адал дүние берекелі болады" деп әкем айтатын", — дейді әнші.

Сондай-ақ Мәдина әкесінің "Сақтансаң сақтайды" деген сөзін есіне алып, "Алла Тағала әр отбасын, әр періштесін, өзінің әр сүйікті құлын сақтап жүрсін", — барша жұртқа тілегін білдірді.

Оставить комментарий

Вы должны авторизоваться для отправки комментария.